Сіздерді 8-Наурыз – Халықаралық әйелдер Күнімен ыстық ықыласыммен құттықтаймын!
Көктемнің алғашқы күндеріндегі тамаша мереке шексіз махаббаттың, шаттықтың және сіздерге деген құрметтің салтанаты.
Қазақ халқы әйел – барша тірліктің бастауы, көркемдік пен жылылық көзі, шуақ пен мейірім әлемі, өмірдің сәні деп қасиет тұтып, оған көңілінің төрінен орын беріп, ардақтап, аялаған.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Әйел – ошағымыздың ұйытқысы, Отанымыздың сақтаушысы, береке-бірлігіміздің алтын діңгегі, ұлттық мәдениетіміздің мәйегі» деп, Сіздерге үнемі қамқорлық көрсетіп келеді.
Біздің әйел-аналар, апа-қарындастар өткеніміз бен бүгініміздің арасына алтын көпір жасап, салауатымен, сауатымен, кісілігімен, кішілігімен үйде де, түзде де парасат биігінен көрініп келеді.
Қоғам дамуы, заман ағымы қаншалықты ауытқыса да Сіздерге деген құрмет, қамқорлық, махаббат өзгермейді.
Біздің өңір қол жеткізіп отырған жетістіктерде Сіздердің үлестеріңіз мол. Қазір қай салада да ең озық істің алдында жүрген әйел азаматшаларды көптеп кездестіруге болады. Мемлекеттік басқару органдарында, өнеркәсіп, білім беру, денсаулық сақтау және қызмет көрсету орындарында, бизнесте және басқа құрылымдарда табысты қызмет етуде.
Бүгінгі мереке күні Сіздерге мықты денсаулық, отбасына берекелі тірлік және баянды ұзақ ғұмыр тілеймін.
Құрметпен,
облыс Әкімі Е.Н.САҒЫНДЫҚОВ
Тәуелсіздікпен бірге қайта жаңғырған салт-дәстүрімізбен Наурыз мейрамы ғасырлар бұрынғы сән-салтанатымен біздің тұрмысымызға ендеп алды. Наурыз – жыл басы ғана емес, береке-бірліктің, ізгілік пен татулықтың, қайырымдылық пен кешірімділіктің, бауырмалдықтың мерекесі. Наурыздың қадір-қасиетін қазір біз жақсы білеміз. Ол – жаңа бастамалар, жаңа қуат және тың күштің бастауы, қайнар бұлағы.



