Құрметті медицина қызметкерлері, облыстың денсаулық сақтау саласының ардагерлері!

Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!
Азаматтардың рухани дүниесі мен денінің саулығы — мемлекеттің басымдық беріп отырған маңызды міндеттерінің бірі. Дені сау ұлт қана Елбасының Қазақстан халқына Жолдауындағы қойылған міндеттерді жүзеге асыруға қабілетті болады.
Денсаулық сақтау ісін дамыту мен реформалаудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде қолға алған стратегиялық бағыттардың дұрыс екендігіне көз жеткіздік: денсаулық сақтау саласына қаржы құйылып, медициналық нысандар салу, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жаңа қарқын алды.
Облысымызда тұрғындардың денсаулығы жақсарып, бала туу көрсеткіші артып келеді, өлім саны азайды. Ал медициналық көмектің өзі қол жететін әрі сапалы бола түсті.
Медицина қызметкерлерінің күні денсаулық сақтау саласында қызмет жасайтындардың ғана мерекесі емес, ол — бүкілхалықтық мейрам, өйткені, әр адам үшін оның денсаулығы мен өмірінен артық құндылық жоқ.
Орасан зор еңбектеріңіз құрметтің қандайына да лайық, сіздер атқарушы билік тарапынан да, тұрғындар тарапынан да үлкен алғысқа бөленіп келесіздер. Облыс әкімдігі денсаулық сақтау саласы мен осы салада жемісті еңбек етіп жүрген қызметкерлерге әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Биыл денсаулық сақтау саласының қызметкерлері үшін облыстық әкімдік тарапынан сыйақы қоры 36 миллион теңге болатын «Шапағат» атты байқау жарияланды, оның нәтижесі медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі күні шығарылады.
Игілікті еңбектеріңіз, өз кәсіптеріңізге деген адалдықтарыңыз, азаматтардың денсаулығы үшін аянбай жасап отырған қызметтеріңіз үшін зор алғысымды білдіремін. Сіздерге және жақындарыңызға зор денсаулық, еңбекте жеміс тілеймін!
Бақытты болыңыздар! Төл мерекелеріңіз құтты болсын, құрметті медицина қызметкерлері!

Ақтөбе облысының әкімі Елеусін Сағындықов

Сұрағыңызды немесе пікіріңізді жазыңыз

Ескерту: Жазуыңыз тексерілгеннен кейін жарияланады