Ақтөбе облысының әкімі Елеусін Сағындықов тағы да — бірінші!

Әкімдердің 2009 жылдың төртінші тоқсанындағы рейтингі

Әр тоқсан сайын жарияланып жүрген әкімдер рейтингі өз өңірінің басшыларына атқарған істері бойынша баға беретін оқырмандарымызды кәдімгідей елең еткізетіні рас.

Ресми адамдар рейтингісінің жариялылығы батыстағы жұрттарда бұрыннан қалыптасқан, шенеуніктің өздеріне ғана емес, олар басқаратын әкімшіліктерге де тиімді баға берудің тәуір үлгісі. Қалай болғанда да, мұндай зерделеулер шенеуніктік аппаратты нақты бағалаудың кешенді құралы ретінде тұрақты жүргізілуі тиіс.

Қараша айының өлшемі мына жайды аңғартты. Дағдарысты кезең әкімдер корпусының мығымдығына сын көзбен қараумен бірге, олардың әлеуметтік проблемаларды шешу барысында ұйымдастырушылық, жан-жақтылық һәм басқарушылық қабілеттерін толық көрсетулеріне де мүмкіндік береді.

Ең әуелі, қалалықтардың пікірінше, бұл мүмкіндікті тиімді пайдалана білген, мығым іс иесі қабілетін танытқандар туралы әңгімелейік.

ДИНАМИКА. Жалпылай алғанда, соңғы екі айдағы (2009 жылдың қыркүйегінен қараша айына дейін) көрсеткіштер әкімдер корпусының іскерлік қабілеті төменге тарта беретіндігін байқатты.

Мысалға жүгінсек, тұтастай әкімдер корпусына берілген сенім  индексі қыркүйекте 920 балл болса, бұл цифр қараша айында 899-ға төмендеді. Әрине, жалғасып жатқан экономикалық дағдарыс жағдайында бұл түсінікті де.

Ал үшінші тоқсанның көрсеткіштері жарияланғалы бері жағдай біраз өзгерді. Лидерлер, орташалар мен артта қалғандар аса көп өзгеріске ұшырамағанымен, бұл топтың ішкі қимыл-үйлесімі кәдімгідей назар аударуға тұрарлық.

Рейтингте бірінші орынға шыққан Ақтөбе облысының әкімі Е.Сағындықов өз лидерлігін қараша айында да сақтап қалып отыр.

Әкімге облыс тұрғындарының 96 пайызы сенім көрсетіпті, бұл - қыркүйек айындағыдан 4 пайызға көп. Әкімге деген сенімнің өсуі, ең алдымен, әлеуметтік-экономикалық оңды өзгерістерді сезінген Ақтөбе тұрғындарының саны екі есеге көбеюіне байланысты болса керек - 31,4 пайыз.  Экономикалық тұрақтылықтың, респонденттердің бағалауынша, 3,5 пайызға нашарлауы да ақтөбеліктердің 18 пайызының қазақстандық қоғамның көңіл күйін көтеріңкі деп бағалауына кері әсер ете алған жоқ, ал бұл - еліміз бойынша ең жоғары көрсеткіш.

Механика-математика факультетінің түлегі Елеусін Сағындықов қазан айында бірқатар кездесулер өткізіп, оның ішінде Ақтөбе облысына келген республиканың бас прокуроры Қайрат Мәмимен заң саясаты тұжырымдамасын талқылады.

Алғы шептегі екінші орынның иесі де өзгерген жоқ, бұл орынды сақтап қалған Атырау облысының әкімі Б. Рысқалиев лидерлер сапында қалумен бірге, өз рейтингін 0,89-дан (қыркүйекте) 0,94-ке (қарашада) көтерудің мүмкіндігін тапты.

Бұл, ең алдымен, әкімнің дағдарысқа қарсы іс-қимылдарын жоғары деп бағалайтындардың 10 пайызға өсіп, 58,3 пайызға жетуіне байланысты екені даусыз. Қараша айында өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай күн көруге болатынын айтқан қалалықтардың төмендеуімен (5,8 пайызға) бірге, шыдауға болатынын, бірақ бұл шыдамның келте екендігін айтатындар да 6 пайызға азайып, 10 пайыз болды.

Әңгіме болып отырған кезең аралығында облыс әкімі республикадағы ірі зауытты пайдалануға берді және өз аппаратында кадрлық ауыс-түйістер жасады. Көпір тұрғызу кезінде орын алған трагедиялық оқиға құрылысты мерзімінде аяқтауға уәде еткен Бергей Сәулебайұлының рейтингіне кері әсер еткен жоқ.

Үшінші орынға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Б.Сапарбаев шықты.

Ол бұдан екі ай бұрын сенім рейтингінде 5-орында тұрған болатын. Экс-министрдің, қазіргі облыс әкімінің тұрақты түрде және аз уақыт ішінде бұлайша ілгері өрлеуін, әкімдердің жалпы тізімінде үшінші орынға табан тіреуін Бердібек Машбекұлының зор табыстары қатарына жатқызуға болады. Әкімнің дағдарысқа қарсы қимылдарын тиімді деп бағалайтын респонденттер саны 1,5 есеге көбейіп, 29,2 пайыз құрады. Өскеменде дағдарыстық проблемалар 2,5 есеге (12,4 пайыз) азайып, ал экономикалық жағдайдың тұрақтануы қыркүйек айындағы 14 пайыздан 23 пайызға көбейді.

Бұл кезең ішінде облыс әкімі Зырян ауданына жұмыс сапарымен барып, «Жол картасы» аясында жасалып жатқан шаруалармен танысты.

Төртінші орынға, өткен жолғы өлшемдегідей, Павлодар облысының әкімі Б.Сағынтаев шықты.

Ол қыркүйек айында «орташалар» тобынан сытылып шығып, қарашада жаңа деңгейге мығым орналасты. Бақытжан Әбдірұлының рейтингі онша жапа шеге қойған жоқ (қарашада - 0,76 пайыз, қыркүйекте - 0,86 пайыз). Ал сол аз жетпестік, сірә, ең алдымен, әкімге сенім білдіру деңгейінің 2 пайызға төмендеуінен (70,7 пайыз) және сенім көрсетуші қалалықтардың 3,6 пайызға азаюынан (9,3 пайыз) туындаса керек. Әкім рейтингі төмендеуінің себебін, павлодарлықтардың 15 пайызы көрсеткендей, экономикалық жағдайдың тұрақсыздығынан іздеген жөн шығар. Солай бола тұра, Павлодарда «бүлінген ештеңе жоқ, күн көруге болады» деп есептейтін қалалықтар тобы ел бойынша ең жоғары көрсеткішке ие - 59,3 пайыз.

Талданып отырған кезең аралығында Бақытжан Әбдірұлы азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады және ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігі жариялаған «Электрондық үкімет - 2009 бастамасын жүзеге асырудағы үздік мемлекеттік орган қайраткері» атағы үшін конкурста жеңімпаз атанды.

Бесінші орын. Алдыңғы топтағыларды қорытындылап тұрған Солтүстік Қазақстан облысының әкімі С.Біләлов кері секіріс жасап, қыркүйектегі үшінші орыннан қарашада бесінші орынға түсті.

Алдыңғы үш тоқсан бойы Серік Сұлтанғазыұлы рейтингтегі үздік өсудің мысалын көрсетумен болды: бірінші тоқсандағы 11-орыннан үшінші тоқсандағы 3-орынға дейін өрледі. Дегенмен қараша айының басында тұрғындар сенімі 10 пайызға азайып кетті (68 пайыз) және сенімсіздік көрсеткен қалалықтар саны екі есеге өсті - 11,7 пайыз.

Солтүстік Қазақстан облысында рекордтық мөлшерде дәнді дақылдар жиналып, бұл туралы облыс әкімі Мемлекет басшысына 2009 жылдың 14 қазанында мәлімдеп те үлгерген болатын. Әйтсе де қазан айының соңында аяқ астынан қар түсіп, тонналаған астық элеватор жетіспеуі салдарынан ашық аспанның астында қалды. Бұл жай да әкімнің рейтингі төмендеуіне әсер еткен болуы мүмкін.

Серік Сұлтанғазыұлы өз проблемаларын тез арада шешіп үлгеруі керек, әйтпесе одан 0,01 балл ғана кейін келе жатқан Қостанай облысының әкімі С.Кулагин алға шығып кетуі ғажап емес.

Алтыншы орында екінші тоқсанда «бас жүлдеге» ие болған Қостанай облысының әкімі С.Кулагин тұр.

Дегенмен өткен жолғы рейтингте әбден шалыс басқан (10-орын) Кулагин мырза айырылып қалған позицияларын қайтаруға бел шеше кірісіп, төрт орынға ілгері жылжыды. Өз рейтингін қыркүйектегі 0,46-дан қарашада 0,69-ға жақсартқан әкім өзіне сенім білдірушілер қатарын 6 пайызға көбейтті (56,5 пайыз). Қостанайлықтардың дағдарыс зардабын сезінуі екі есеге азайды - 6,5 және экономикалық жағдайдың тұрақтылығы он есе өсті (37 пайыз).

Сергей Витальевич әкімдер рейтингіндегі сүрінулерден соң, өз жұмыс белсенділігін арттыруға кіріскені байқалады. Азық-түлік пен ең бірінші қажет тауарлардың баға мөлшерін анықтау мақсатында Қостанай базарларын аралап шыққан әкім халықпен қоян-қолтық араласуының арқасында өз жағдайын біршама түзеп алды.

Жетінші орын, өткен тоқсандағыдай, бұл жолы да Маңғыстау облысының әкімі Қ.Көшербаевқа тиесілі болды.

Көшербаев мырзаның репутациясы көп жапа шеге қойған жоқ (0,02), себебі әкім өзіне сенетіндердің 12,6 пайызын жоғалтқанымен, өзіне сенім білдірмейтіндердің де мөлшерін 2 пайызға азайтты. Міне, осындай бір-біріне қарама-қарсы көріністер экономикалық жағдайды бағалауда да кезігеді: дағдарыстық проблемалардың 1,5 көбеюімен (12,3) бірге, тұрақтылық көрсеткіштері 3,5 есеге (41 пайыз) ұлғаюы байқалды, ал қосынды нәтижеде әлеуметтік-экономикалық саланың жақсарғанын айтатын респонденттер саны бір жарым есеге азайған.

Ивент-талдау нәтижелері көрсеткендей, бұл кезең әкім үшін оңайға соқпаған сияқты. Маңғыстау облысында жұмыс сапарымен болған ҚР Білім және ғылым министрі Ж.Түймебавпен, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары С.Ахметовпен, АҚШ Энергетика министрінің орынбасары Д.Понеманмен, ҚР Қорғаныс министрі А.Жақсыбековпен, «Қазақстан темір жолы» АҚ президенті А.Мәминмен кездесулердің әкім рейтингіне еш ықпалы болған жоқ.

Сегізінші орынға үш сатыға ілгері жылжыған Оңтүстік Қазақстан олысының әкімі А.Мырзахметов шықты.

Асқар Исабекұлының қыркүйек айында күрт төмен құлдилауы Шымкент тұрғындарының облыстағы текетірес жағдайларға (жанар-жағар май жетіспеушілігі, май құю бекеттеріндегі көзбояушылық, т.б.) байланысты әлеуметтік-психологиялық көңіл күйлерінің төмендеуіне байланысты болып еді. Жағдайды түзеп, сонымен қатар сенім несиесін 1,5 есеге көбейтуге әкім қараша айында ғана қол жеткізді. Дегенмен бұл өсу баспалдағы өңірдегі әлеуметтік-экономикалық саладағы жағдайдың нашар екендігін көрсеткен респонденттердің саны екі есеге дейін өскені (23,7 пайыз) көрсетіліп жатқан тұста сенімсіздеу де сияқты. Экономикадағы жағдайды тұрақты деп бағалаушы респонденттер 10 пайызға азайса, оның есесіне экономикалық жағдайды дағдарысты халде деп бағалағандар 35,5 пайызға көбейіпті. «Шыдауға болатындығын, бірақ тым ұзаққа шабу мүмкін еместігін» айтқандар екі есеге азайып, «бұдан әрі шыдаудың мүмкін еместігін» респонденттердің 20,9 пайызы айтыпты.

Осылай сараптағанда,  әлеуметтік-экономикалық салада мақтанарлық көріністер аз болғандықтан, Асқар Исабекұлының рейтингісінің өсуін экономикалық фактормен түсіндіру қиын. Бәлкім, бұлайша өсіп кету себебін Оңтүстік Қазақстан облысына Премьер-Министр К.Мәсімовтің келуімен және облыс әкімінің қызметін жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының белсенді насихаттауымен түсіндірген жөн шығар.

Рейтингте тоғызыншы орынды өткен жолғы турнир таблицасында орташалардың алдын бермеген Алматы облысының әкімі С.Үмбетов иемденді.

Облыстың әлеуметтік-экономикалық өмірінде оң өзгерістер бар: тұрақтылық көрсеткіші 10 есеге өсті - 11 пайыз, бұған қоса қазіргі экономикалық жағдайды дағдарыстың тұзағында тұр деп бағалаушы рсепонденттер саны екі есеге азайған - 22 пайыз. «Жағдай сонша түңілерліктей емес, шыдауға болады» дейтіндер 3 пайызға өсіп, экономикадағы оң өзгерістерді байқағандардың мөлшері екі есеге көбейіпті.

Әйтсе де, Серік Әбікенұлының жолын кескен жай мынау: әкімге сенім көрсететіндер - 63 пайыз (-12 пайыз) болғанымен, оның есесіне сенім білдірмейтіндер - 17 пайыз (+5 пайыз).

Оныншы орын алған Жамбыл облысының әкімі Б.Жексембин - орташалардың соңы.

Егер Жамбыл облысының әкімі өткен жолы турнир таблицасындағы лидерлер мен артта жүргендерді қайта екшеудің арқасында бір саты ілгері жылжыса, бұл жолы қалалықтардың сенімінен шықпауы салдарынан бір позицияға төмендеп отыр.

Бөрібай Биқожаұлы рейтингілік есепте өзіне қала тұрғындарының 21,3 пайыздық сенімін жоғалтуына байланысты сенім несиесін 1,5 есеге азайтып алды. Респонденттердің 33 пайызы негізгі азық-түлік  бағаларының өскенін байқағаны, немесе олардың 27,5 пайызы ең бірінші қажетті тауарлардың қымбаттап кеткенін (қыркүйекте - 23 пайыз) аңғарғаны сияқты себептер қала тұрғындары сенімсіздігінің 4,4 есе өсуіне себепші болған сыңайлы.

Орташалар мен артта қалғандарды жалғастырып тұрған көпір іспетті он бірінші орын Қызылорда облысының әкімі Б.Қуандықовқа бұйырды.

Ол рейтингін 0,25-тен 0,34-ке көтеріп, екі саты жоғарылады. Өткен жыл бойы Болатбек Баянұлы 13-позцияны ұстанған еді. Алайда әкімдер таблицасындағы бұл тұрақтылық әкімнің жеке рейтингінің тұрақтылығы ретінде түсіндірілмейді, орташалар мен артта қалғандардың орын ауыстыруларының нәтижесі ғана. Солай болған күнде де, әкім рейтингінің үш есе өсуі тұрақтылықтың нышаны - 34,2 пайыз, ал дағдарыстық проблемалар 6,7 пайыз болды (бұрын - 10,8 пайыз).

Сондай-ақ қала тұрғындарының көңіл күйлерінде оң өзгерістер бар: әрбір екінші тұрғын «бүлінген ештеңе жоқтығын, өмір сүруге әбден болатындығын» айтады - 49,2 пайыз (қыркүйекте - 20,8 пайыз).

Он екінші орын Ақмола облысының әкімі А.Рауға тиесілі болды.

Ол үш тоқсан бойы өзі секілді орташалардың ортасынан шыға алмай жүр. Сенім несиесінің ең төмен деңгейге дейін (0,25) құлдырауы экономикалық тұрақтылықтың 3 есе кемуіне әкелді - қыркүйек айындағы 17 пайыз 5,8 пайызға түсіп қалды. Ал қалалықтардың қазіргі экономикалық жағдайды дағдарыс шегінде деп есептеуі 5 пайызға көбеюі себепті бұл көрсеткіш 20,8 пайызға келіп тірелді. Әкім рейтингінің құлауы, қалай болғанда да, оның дағдарысқа қарсы іс-қимылдарына жоғары баға берушілердің 5,8 пайыз ғана болуына байланысты екені шек келтірмейді, бұл қыркүйек айындағыдан 2 есе төмен.

Ал жағдайдың бұлай болуы егістік көлемі көбейтілгенмен, астық сақтау қоймалары мәселесі жеткілікті шешілмегендіктен, егін жинауға қатысты проблемаларға соғатын сияқты. Мына жай да ерекше алаңдатады, Көкшетау тұрғындары өздерінің көңіл күйлерінің түсіңкілігі жөнінен еліміз бойынша ең төменгі көрсеткішке ие - 3,3 пайыз (республика бойынша орташа көрсеткіш - 11,5).

Он үшінші орынға қараша айының рейтингісінде әкімдер корпусындағы ең танымал тұлға Астана қаласының әкімі И.Тасмағамбетов шықты.

Оның репутациялық деңгейі төртінші тоқсанда бір сатыға ғана төмендеді - 0,07 балл. Бұл әкімге сенетін респонденттер бөлігінің болмашы ғана азаюынан туындап отыр. Тұрақтылық көрсеткіші 2 еседен астам азайып, 17,7 пайыз құрағаны сенімділікті жоғалту ретінде бағалануы да мүмкін сияқты, бірақ экономикалық жағдайға баға берген астаналықтар дағдарыстық проблемалардың да 2,5 есеге азайғанын айтады - 3,3 пайыз.

Осының барлығы Астана тұрғындарының көңіл күйлері қалыпқа түсіп келе жатқандығын көрсетеді. «Шүкір, әзір тіршілік етуге әбден болады» дейтіндер қыркүйектегі 34,8 пайыздан 40 пайызға өсіпті.

Он төртінші орын артта қалушылар тобының тұрақты өкілі Батыс Қазақстан облысының әкімі Б.Ізмұхамбетовке бұйырды.

Жыл басынан бері есептегенде бұл әкім ие болған 14-орын оның жалпы рейтингтегі үздік көрсеткіші болып есептеледі (Қыркүйек айында - 16-орын). Рейтингтің аздап қана көтерілуінің себептері: қазіргі экономикалық жағдайды дағдарысты күйде деп есептеушілер 1,5 есеге азайған - 20 пайыз (қыркүйекте - 29 пайыз) және тұрақтылық көрсеткіштері 11 пайызға көбейген. (қарашада - 26,7 пайыз, қыркүйекте - 15,8 пайыз).

Әлеуметтік көрсеткіштердің назар аударарлық тұсы - қалалықтардың тұтынушылық-сатып алу қабілетінің төмендеуі және халықтың тұрмысы тәуірлері мен кедей топтарының арысындағы елеулі айырмашылық. Оңды тұрмыс кешіп жатқандар 2,5 пайызға азайса, кедейшілік шегінде тұрғандар 7,3 пайызға көбейген.

Он бесінші орын өткен тоқсандағы тәрізді оңтүстік астананың басшысы А.Есімовке тиді.

Қараша айында бұдан бұрынғы позициясын сақтай отырып, Ахметжан Смағұлұлы өз рейтингіне 0,15 балл қосты. Дегенмен бұл қадам әкімдер рейтингіндегі позицияны елеулі түрде жақсартуға жеткіліксіз болды. Әлеуметтік-экономикалық саланың 3,5 пайызға жақсарғанын (26,1 пайыз) және дағдарыс ызғарын сезінудің 9 пайызға азайғанын (20,6 пайыз) баяндайтын қосынды көрсеткіштердің өсуі Алматының қалабасына сенім білдірушілердің санын 1,4 есеге ұлғайтты (36,2 пайыз).

Сондай-ақ Алматы тұрғындарының тұтынушылық-сатып алу қабілеттерінде де өзгеріс болды: тәуір қамтамасыз етілген топтардың үлесі 6,5 пайызға азайса, сонымен қатар кедейшілік демін сезініп отырғандардың да азайғаны байқалады - 45,7 пайыз.

Он алтыншы орынға әкімдер рейтингінде соңғы екі тоқсан бойы төмендеп келе жатқан Қарағанды облысының әкімі Н.Нығматуллин табан тіреді.

Осылайша Нұрлан Зайруллаұлының репутациясы 2 позицияға шегініп кетті. Бұлай болуының басты себебі - оған сенім көрсететін қалалықтардың үлесі жыл бойы кеміп келеді - 28,3 пайыз (әр тоқсан сайын - 2,5 пайыз). Одан әріге барсақ, тұрақтылық көрсеткіштері 2,5 есеге азайып, 8,9 пайыз құрады, әлеуметтік-экономикалық саладағы оң өзгерістерді байқайтындардың саны да екі есеге азайып, 19,4 пайыз болды.

Экономикалық жағдайдың бұлайша қалыптасуы қалалықтардың көңіл күйлеріне де әсер ететіні даусыз. Қарағандылықтардың 27,8 пайызы ғана «жыланатын ештеңе жоқ, өмір сүруге болады» деген жауап берді, ал бұл қыркүйек айындағы көрсеткіштен 1,5 есе аз.

Міне, осылайша, әкімдер корпусының басым бөлігі жеке рейтингілік есепте де, әкімдердің жалпы рейтингінде де елеулі ұтылыстарға тап болды.

Бұл, расын айтқанда, республикамыздың көптеген қалаларындағы тұрғындар өмірінде әлеуметтік-экономикалық оң өзгерістер бар екендігі байқалып отырған кезеңдегі жағдай.

Жалпы алғанда, сауалнамаға жауап берген тұрғындардың басым бөлігі әкімдердің дағдарысқа қарсы іс-қимылдарына орташа баға береді. Әрине, әкімдер өз өңірінің проблемаларын оң шешуге тырысатындықтарын да естен шығармайды.

Мына жайды ерекше айта кеткен жөн, еңбек нарығын тұрақтандыру және аймақтық еңбекпен қамту мәселелерін шешуге бағытталған «Жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыру әкімдерге ашушаң топтардың көңілін жайландырып, қоғамдық тәртіптің сақталуына  қауіп туғызатын жайлар мен жұмыссыздар санын азайтуға мол мүмкіндік берді. Дегенмен бұл бағдарлама да аяқталып келеді, демек, өңірдегі билік дағдарысқа қарсы жаңа шараларды ойластырып, жүзеге асыруды қолға алуы керек-ақ.

Саяси шешімдер институты.

АСИП деректері бойынша әзірленді.

(*Рейтинг сауалнамасы жүргізілген уақытта Н.Нығматулин Қарағанды облысының әкімі болғанын еске саламыз.)