Сіздерді бүгінгі Ұлыстың Ұлы күнімен шын жүректен құттықтаймын.
Тәуелсіздікпен бірге қайта жаңғырған салт-дәстүрімізбен Наурыз мейрамы ғасырлар бұрынғы сән-салтанатымен біздің тұрмысымызға ендеп алды. Наурыз – жыл басы ғана емес, береке-бірліктің, ізгілік пен татулықтың, қайырымдылық пен кешірімділіктің, бауырмалдықтың мерекесі. Наурыздың қадір-қасиетін қазір біз жақсы білеміз. Ол – жаңа бастамалар, жаңа қуат және тың күштің бастауы, қайнар бұлағы.
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың жүргізген сарабдал саясатының арқасында еліміз тұрақтылық пен бірліктің мекеніне айналып отыр. Үстіміздегі жылғы қаңтар Жолдауында Елбасы алдағы онжылдықтың маңызды міндеттерінің бірі – барлық қазақстандықтардың тұрмыс деңгейі мен сапасын жақсарту, әлеуметтік тұрақтылықты нығайту болып қала беретінін атап көрсетті.
Туған өңірімізде бұл сара міндеттерді жүзеге асырудың барлық алғы шарттары қалыптасқан. Әлемді дүрліктірген дағдарыс тұсында да біз жұмыссыздықтың өсімін шектеп қана қоймай, өңірде оның деңгейін төмендетуге, барлық елді мекендерде тұрғын үй-комуналдық жағдайды едәуір жақсартуға қол жеткіздік. Алған асуларымыз бен жеткен жетістіктерімізді еселеп өсірудің кемел істері биылғы жылы одан әрі жалғасын тауып келеді.
Қымбатты жерлестер!
Баршаларыңызға, әр отбасына шын жүректен, шынайы көңілмен бақ-береке тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Нұрын төккен, шуағы мол Наурыз халқымызға – ынтымақ, елімізге – молшылық, әр шаңыраққа – бақыт пен шаттық әкелсін.
Ұлыс бақты болсын, төрт түлік ақты болсын!
Ізгі ниетпен,
облыс Әкімі Елеусін САҒЫНДЫҚОВ




